«Челси» бапкері Алонсо: «Арсеналдан» жеңілуіміз жанға батуы керек

Фото: «Челси» / Getty Images
«Челсидің» бас бапкері Хаби Алонсо Англия Премьер-лигасының үшінші турында сырт алаңда «Арсеналдан» 1:2 есебімен жеңілген матчқа қатысты пікір білдірді.
Испаниялық маман командасының кездесуді жақсы бастағанын, алайда кейін қорғануға мәжбүр болып, ойын барысын бақылаудан айырылғанын атап өтті.
«Матч бірнеше кезеңнен тұрды. Біз ойынды жақсы бастап, есеп аштық. Алайда кейінгі 15 минутта қарсылас бізге қатты қысым көрсетті. Төмен блокта қорғануға мәжбүр болдық, допты бақылап, алға жылжытуда қиындықтар болды.
Осы 15 минут біз үшін ауыр өтті, бірақ шыдауға тура келді. Гол жіберіп алып, есеп 1:1 болғаннан кейін ойын қайта теңесті. Бірінші таймның соңына дейін тағы бірнеше жақсы мүмкіндігіміз болды. Үзілісте қажетті өзгерістерді талқыладық.
Бұл өте тартысты әрі тең дәрежеде өткен кездесу болды. Біз барынша жинақы болып, қарсыласқа артықшылық бермеуіміз және ойын ішінде қалуымыз керек еді.
Екінші гол соғылған эпизодта біз әлдеқайда жақсы ойнай алар едік. Мұндай сәттерді қабылдай білу керек, өйткені «Арсенал» – өте мықты команда және қарсыластарын барынша шегіне дейін ойнауға мәжбүр етеді. Олар сол қапталда сан жағынан басымдық жасап, Эдегордың көмегімен гол соқты.
Осыдан кейін де біз шабуылды жалғастырдық. Команда үлкен жігер танытып, жақсы мінез көрсетті және соңына дейін күресті. Эстеваоның сәтінде гол соғуға жақын болдық.
Жеңіліске көңіліміз толмайды. Бұл жеңіліс жанға батуы керек. Бірақ сол ауыр сезімді оң бағытта пайдалану қажет. Бұл маусымдағы үшінші ғана матч, алда әлі көптеген ойын бар. Бұл кездесудің өте тартысты болатынын түсіндік», – деді Алонсо «Челсидің» ресми сайтына берген сұхбатында.
Үш турдан кейін алты ұпай жинаған «Челси» турнир кестесінде төртінші орында тұр. Ал «Арсенал» тоғыз ұпаймен «Манчестер Ситимен» бірге көш бастап келеді.