«Челси» Сәтпаевқа «Бернли» сапында ойнауға рұқсат бермеді

Фото: Getty Images
«Бернли» бас бапкері Ники Хайен Дастан Сәтпаевтың «Чарльтон Атлетикке» қарсы матчқа не себепті қатыспағанын түсіндірді. Оның айтуынша, 18 жастағы қазақстандық шабуылшының «Челсиге» тиесілі болғандықтан, лондондық клуб футболшының алаңға шығуына рұқсат бермеген.
Маманның сөзінше, бұл шешім Сәтпаевтың жақында алған жарақатына байланысты қабылданған. Екі клубтың медициналық штабы футболшының қалпына келуін бақылап, оның ойын жүктемесін қадағалап отыр.
«Челсиден рұқсат алмадық. Ауыр жарақаттан кейін Дастанға жүктемені біртіндеп арттыру қажет. Екі клубтың медициналық қызметкерлері үнемі байланыста. Бұл жолы оны ойынға қоспау туралы шешім қабылданды. Сәтпаев әлі де «Челсиге» тиесілі болғандықтан, олардың ұстанымын ескеруіміз керек», – деді Хайен Burnley Express басылымына берген сұхбатында.
Бапкер қазақстандық футболшының алаңға шықпағаны «Бернли» үшін жағымсыз жаңалық болғанын да атап өтті. Әсіресе шабуылшы алдыңғы кездесуде өзін жақсы қырынан көрсеткеннен кейін оның командаға көмегі қажет болған.
Еске салайық, 10 қазанда Дастан Сәтпаев жарақатынан кейін бір айдан соң алаңға оралды. Ол «Уотфордқа» қарсы кездесудің 74-минутында ойынға қосылды. Матч «Бернлидің» 4:0 есебіндегі ірі жеңісімен аяқталды.
Хайен қазақстандық шабуылшының ойынына жоғары баға беріп, оның команда шабуылына жаңа мүмкіндіктер қосатынын айтты.
«Әрине, оның алаңға шыққанын қаладық. «Уотфордқа» қарсы матчта Дастан қосалқы құрамнан шығып, шабуылда бірден қосымша мүмкіндіктер ұсынды. Андреас Унтонджиден оның ойын мәнері өзгеше: жылдамдығы, техникасы және күтпеген шешімдері басым. Бізге дәл осындай футболшы қажет», – деді бапкер.
Сонымен қатар маман клубтың жалға алу келісіміндегі шарттарды басынан білетінін жеткізді. Егер Сәтпаевтың денсаулығына қатысты мәселе туындаса, оның қайтадан ойынға оралуы туралы шешім қабылдауға «Челсидің» медициналық қызметкерлері де қатысады.