«Челси» Сәтпаевты алғашқы жаттығуда көрсетті

«Қайрат» ФК
Лондондық «Челси» клубы команданың кезекті жаттығуынан видео жариялады. Онда Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев көрінді.
Жаттығу барысында футболшылар шабуылдарды аяқтауды пысықтады. Эпизодтардың бірінде клуб камерасы қазақстандық ойыншыны жеке көрсетті: Сәтпаев әдемі секіріп, баспен соққы жасағанымен, допты қақпаға дәл бағыттай алмады.
Еске сала кетейік, 17 жастағы шабуылшы «Қайрат» сапындағы соңғы матчын 17 маусым күні өткізді. Қазақстан чемпионаты аясындағы ойында алматылық клуб «Қызылжарды» 3:0 есебімен жеңген. Осыдан кейін футболшы ресми түрде «Челсиге» қосылды.
Сатпаевтың трансфері өткен жылы-ақ рәсімделген болатын. Алайда кәмелет жасына толғанға дейін ол қазақстандық клубта ойнауын жалғастырды. 12 тамызда футболшы 18 жасқа толады, содан кейін Англияда толыққанды мансабын бастай алады.
Қазіргі таңда қазақстандық ойыншы «Челсидің» Австралиядағы маусымалды турына қатыса ма, жоқ па — белгісіз. «Көктер» алғашқы ойынын 28 шілдеде «Вестерн Сиднейге» қарсы өткізеді. Ал Англия Премьер-лигасындағы жаңа маусымды команда 24-тен 25 тамызға қараған түні (Қазақстан уақытымен) «Фулхэмге» қарсы матчпен бастайды.