«Челси» шабуылшысы мансабын Бундеслигада жалғастырады

«РБ Лейпциг» ФК
Испаниялық шабуылшы Марк Гиу «Челсиден» Бундеслигада өнер көрсететін «РБ Лейпцигке» ауысты.
20 жастағы футболшы неміс клубымен 2031 жылға дейін келісімшарт жасасты және 9-нөмірлі жейдемен ойнайды. AS мәліметінше, «РБ Лейпциг» форвард үшін бонуссыз 16 млн еуро төлейді. Сонымен қатар «Челси» ойыншының келесі сатылымынан түсетін соманың 20 пайызын алады.
Гиу 2024 жылдың жазында «Барселонадан» «Челсиге» қосылған еді. Екі маусым ішінде испаниялық футболшы лондондық клуб сапында барлық турнирде 29 матч өткізіп, 8 гол соқты және 2 нәтижелі пас берді.
2025/26 маусымында Гиу «Сандерлендте» жалға алу құқығымен үш матч өткізіп, бір гол соқты. «Челси» Лиам Делаптың жарақат алуынан және Николас Джексонның командадан кетуінен кейін шабуылшыны жалға беруден мерзімінен бұрын қайтарып алған болатын.
Лондондық клуб құрамында Гиу Конференциялар лигасы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Конференциялар лигасында испаниялық шабуылшы 6 гол соғып, «Челсидің» үздік сұрмергендерінің біріне айналды.