Чемпиондар лигасы финалының төрешісі «Қайрат» – «Левски» матчын басқарады

Бегасыл Амирбай ··
Фото: x_@Gbenga_Gboyega

Фото: x_@Gbenga_Gboyega

УЕФА Алматының «Қайрат» және Болгарияның «Левски» командалары арасындағы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчқа қызмет көрсететін төрешілер бригадасын тағайындады.

Кездесудің бас төрешісі болып Германия өкілі Даниэль Зиберт белгіленді. Оның көмекшілері Ян Зайдель мен Рафаэль Фольтин болады. Айта кетейік, бұған дейін Зиберт 2025/26 маусымындағы ПСЖ мен «Арсенал» арасындағы Чемпиондар лигасының финалына (1:1, пенальти сериясы – 5:4) төрелік еткен.

Төртінші төреші қызметін Макс Бурда атқарады. VAR жүйесіне Кристиан Дингерт және оның көмекшісі Йоханн Пфайфер жауап береді. Төрешілер бригадасының барлығы Германиядан.

«Қайрат» пен «Левски» арасындағы қарымта матч 11 тамыз күні Түркістанда өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 20:00-де басталады.

Алғашқы ойында Алматы клубы 0:1 есебімен жеңіліп қалған болатын. Екі матч қорытындысы бойынша жеңімпаз Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінің плей-офф раундына жолдама алып, онда Грекияның АЕК командасымен кездеседі.