Уразбахтин «Қайраттың» «Левскиден» жеңілуінің себебін түсіндірді

«Қайрат» ФК
«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңіндегі Болгарияның «Левски» командасынан 0:1 есебімен жеңілген алғашқы матчқа пікір білдірді.
Маманның айтуынша, қосымша уақытта жіберілген шешуші гол, әсіресе доптың рикошеттен кейін қақпаға түсуі команда үшін ауыр соққы болған.
«Матчтың соңғы минуттарында, әсіресе рикошеттен кейін гол жіберу әрқашан өкінішті. Бірақ алдымызда әлі қарымта кездесу бар. Өз алаңымызда сапалырақ ойын көрсетіп, қажетті нәтижеге жету үшін бар күшімізді саламыз», – деді алматылық клубтың бас бапкері.
Алғашқы кездесу Софиядағы Георги Аспарухов атындағы стадионда өтті. Ұзақ уақыт бойы командалар есеп аша алмады. Алайда екінші таймға қосылған уақытта «Левски» жалғыз гол соғып, 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Еске салайық, қарымта матч 11 тамыз күні Түркістанда өтеді. Бұл кездесуде «Қайрат» бір доп айырмасын қайтарып, Чемпиондар лигасының келесі іріктеу кезеңіне жолдама алу үшін күреседі.