Чесноков «Партизанмен» матч алдында: «Бар күшімізді саламыз»

Бекарыс Әлімхан··
«Тобыл» ФК

«Тобыл» ФК

«Тобол» шабуылшысы Ислам Чесноков Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында Белградтың «Партизан» командасына қарсы өтетін қарымта матч туралы пікір білдірді.

Алғашқы кездесуде Қостанай командасы Белградта 0:3 есебімен жеңіліп қалды.

«Әрқайсымыз қателесуіміз мүмкін, ал командамызда атмосфера қалыпты. Мұндай жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін екенін түсінеміз. Әрине, бір-бірімізді қолдап, сөйлесіп, алда бәрі жақсы болатынын айтып жатырмыз.

Ертең өзіміздің ең мықты қасиеттерімізді көрсетуіміз керек. Тіпті 100 емес, 200 пайызға жұмыс істеуіміз қажет шығар. Сырт алаңдағы ойынға қатты өкінеміз, өйткені командадағы бәрі есептің мұншалықты ірі болмауы керек деп санайды. Ертең матчта жеңіске жету үшін бар күшімізді саламыз. Бұл футбол, сондықтан бәрі мүмкін», – деді Чесноков.

«Тобол» мен «Партизан» арасындағы қарымта кездесу 13 тамызда Қостанайда өтеді. Қос ойын қорытындысы бойынша жеңімпаз Конференция лигасының іріктеу кезеңіндегі плей-офф раундына жолдама алып, онда испаниялық «Хетафемен» кездеседі.