«Партизан» бапкері «Тобылға» қарсы қарымта матч алдында пікір білдірді

Бекарыс Әлімхан··
«Партизан» ФК

«Партизан» ФК

Сербиялық «Партизан» клубының бас бапкері Игор Илич Конференция лигасының іріктеу кезеңінде Қостанайдың «Тобыл» командасына қарсы өтетін қарымта матчқа дайындық барысы туралы айтты.

Белградтағы алғашқы кездесуде «Партизан» 3:0 есебімен жеңіске жеткен.

«Бізді екінші матч күтіп тұр. Нәтижеміз жақсы, бірақ «Тобыл» өз алаңында жақсы ойнайтын команда. Мен ойыншыларымның барынша жігерлі әрі жинақы болып, бастаған ісімізді соңына дейін жеткізуге тырысатынына сенемін. Біз алдыңғы матчты саралап, өз кемшіліктеріміз бен қарсыластың осал тұстарын анықтадық. Сол тұстарды пайдалануға тырысамыз.

Бұл нәтиже бізге қысым түсірмейді. Команда Белградта жоғары деңгей көрсетті. Енді келесі матчтарда да сол қарқынымызды жалғастырамыз деп үміттенемін. Жеңіске жеткен жағдайда ұлттық коэффициентті көтеру мүмкіндігі біз үшін қосымша мотивация болмақ. Дегенмен біз команда ретінде ойлап, тек жеңіс туралы ойлауымыз керек. Бұдан басқа ештеңеге алаңдамауымыз қажет. Кездесудің басында гол соғып алсақ, ойынның соңына дейін бізге жеңілірек болар еді», – деді Илич.

«Тобыл» мен «Партизан» арасындағы қарымта матч 13 тамызда Қостанайда өтеді. Екі ойын қорытындысы бойынша жеңімпаз Конференция лигасының іріктеу кезеңіндегі плей-офф раундына шығып, онда испаниялық «Хетафемен» кездеседі.