Чичарито АҚШ-тағы жаңа клубпен келісімшартқа отырды

Бегасыл Амирбай ··
«Атлетико Даллас» ФК

«Атлетико Даллас» ФК

Мексикалық шабуылшы Хавьер Эрнандес мансабын АҚШ-та жалғастырады. Чичарито «Атлетико Даллас» клубымен келісімшартқа қол қойды.

Жаңа клуб ЮСЛ Чемпионшип лигасының дебютанты болады және жарыстағы алғашқы маусымын 2028 жылы бастайды. 38 жастағы Чичарито командаға 2027 жылы қосылады, ал оған дейін жобаны дамытуға атсалысады.

«Мен әрбір жас футболшы армандайтын жетістіктерге қол жеткіздім. Әлемнің ең ірі клубтарының намысын қорғап, керемет стадиондарда, тамаша жанкүйерлер алдында ойнадым. Бірақ бұл мүмкіндік ерекше. Даллас қаласы футболға деген сүйіспеншілігін, әртүрлілігін және болашағын көрсететін клубқа лайық деп ойлаймын.

Мен жеңімпаз мәдениетін қалыптастыруға, Солтүстік Техастың жас ойыншыларын шабыттандыруға және жанкүйерлерге басынан бастап сенім артатын команда сыйлауға көмектескім келеді. Мен мұнда мансабымды аяқтау үшін келген жоқпын. Мен Далласта футболдың болашағын құруға көмектесу үшін келдім», – деді Эрнандес клубтың ресми сайтына берген сұхбатында.

Еске салайық, Чичарито әр жылдары «Манчестер Юнайтед», мадридтік «Реал», «Байер», «Вест Хэм», «Севилья» және «Лос Анджелес Гэлакси» клубтарында ойнаған. Өткен маусымда ол мексикалық «Гвадалахара» сапында жеті матч өткізіп, бір гол соқты.