Дана Уайт әлем чемпионатының финалындағы трансляцияны келемеждеді

Фото: Getty Images
UFC президенті Дана Уайт 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының Испания мен Аргентина арасындағы финалын көрсеткен телетрансляция тобының жұмысын сынға алды.
Оның айтуынша, эфирге жауапты мамандар жіберген қателіктердің көп болғаны соншалық, бұл жағынан UFC трансляция командасының өзін де басып озған.
Желіде жарияланған видеода Уайт әзіл аралас сарказммен бұрын дәл осындай қателіктер бойынша UFC көш бастап келеді деп ойлағанын, алайда әлем чемпионатының финалынан кейін бұл «атақты» басқа командаға беруге тура келгенін айтты.
«Мен әрдайым танымал адамдарды эфир кезінде ең көп шатастыратын команда біз деп ойлайтынмын. Бірақ бүгін сендер мүмкін емес нәрсені жасадыңдар – бізден де асып түстіңдер», – деді UFC басшысы.
Бұған финалдық матч кезіндегі бірнеше өрескел қателік себеп болды. Телетрансляция барысында стадионда отырған танымал қонақтардың есімдері қате көрсетілген.
Атап айтқанда, америкалық музыкант Фаррелл Уильямс рэпер A$AP Rocky ретінде таныстырылса, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Дональд Трамптың жанында отырған сәтте экранда оны қате түрде футбол жұлдызы Криштиану Роналду деп көрсеткен.
Дана Уайт мұндай жағдайдың UFC-де де болғанын еске салды. UFC 329 турнирі кезінде трансляция тобы кәсіпқой боксшы Шакур Стивенсонның орнына NBA баскетболшысы Джейлен Уильямстың есімін экранға шығарған еді. Сол кезде де UFC президенті эфирге жауапты мамандардың жұмысын қатаң сынға алған болатын.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет 48 құраманың қатысуымен өтті. Турнир АҚШ, Канада және Мексикада ұйымдастырылып, 11 маусым мен 20 шілде аралығында өтті.