Басты бет
·
MMA/UFC

Дана Уайт Шавкат Рахмонов пен Майкл Моралес арасындағы жекпе-жекке қатысты пікір білдірді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Instagram_shavkatrakhmonov94

Фото: Instagram_shavkatrakhmonov94

UFC президенті Дана Уайт жартылай орта салмақта жеңіліп көрмеген Шавкат Рахмонов пен Майкл Моралес арасындағы ықтимал жекпе-жек туралы айтты.

Dana White’s Contender Series жобасының оныншы маусымының соңғы шығарылымынан кейін журналистермен сөйлескен Уайттан чемпиондық белбеуге үміткер екі файтердің кездесуі мүмкін бе деп сұрады.

«Әбден мүмкін. Егер бәрі келісілген болса, біз бұл туралы әлдеқашан жариялар едік. Қазір жұмысымызда көптеген қызықты жоба бар. Олардың кейбірін кеше талқыладық. Алда бірнеше жақсы жаңалық жариялаймыз», – деп келтіреді Уайттың сөзін Sherdog.

Бұған дейін Шавкат Рахмонов әлеуметтік желіде «19-0 қарсы 19-0» деген жазуы бар видео жариялаған еді. Тағы бір жазбасында қазақстандық файтер 2027 жылды көрсеткен. Ол ықтимал қарсыласының есімін атамады. Алайда Майкл Моралес те Рахмоновпен жұдырықтасуға қызығушылық танытып, Шавкатты чемпиондық жекпе-жекке жету жолындағы басты кедергілердің бірі деп атаған.

Айта кетейік, Рахмонов тізесіндегі жарақатына байланысты 2024 жылдың желтоқсанынан бері октагонға шыққан жоқ. UFC 310 турнирінде ол ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді. Қазақстандық спортшы кәсіби мансабында 19 рет жеңіске жетіп, оның 18-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Майкл Моралес те кәсіби мансабында әлі жеңіліп көрген жоқ. Эквадорлық файтер соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 15 қарашасында UFC 322 турнирінде өткізіп, америкалық Шон Брэдиді бірінші раундта нокаутқа түсірді. Бұған дейін ол Гилберт Бернс пен Нил Магниді мерзімінен бұрын жеңген.

Қазіргі уақытта Моралес UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде үшінші орында тұр.

Дана Уайт Шавкат Рахмонов пен Майкл Моралес арасындағы жекпе-жекке қатысты пікір білдірді – sport-hub