Дана Уайт Трамптың АҚШ президентінің баспасөз хатшысы болу туралы ұсынысына жауап берді

Фото: Chip Somodevilla/Getty Images
АҚШ президенті Дональд Трамп UFC басшысы Дана Уайтқа Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметін ұсынды. Алайда әлемдегі ең ірі ММА ұйымының жетекшісі саясатқа араласқысы келмейтінін мәлімдеді.
9 қарашада Дональд Трамп журналистер алдына өзінің бұрыннан бергі досы Дана Уайтпен бірге шықты. АҚШ президенті UFC басшысына Ақ үйдегі баспасөз брифингіне арналған мінберден сөз сөйлеуге мүмкіндік берді.
«Мен мұны бұрыннан жасағым келетін. Алғашқы сұрақ кімде?» – деді Уайт журналистерге әзілдеп.
Бұл ерекше кездесудің тарихы бірнеше күн бұрын басталған. Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Дана Уайтқа Ақ үйдің баспасөз қызметін басқаруды ұсынған болатын.
Тіпті АҚШ президенті UFC-дің танымал өкілдері Хабиб Нурмагомедов, Ислам Махачев, Джастин Гэтжи және Даниэль Кормьені Уайттың көмекшілері ретінде тартуды да әзілмен ұсынды.
Бұған жауап ретінде UFC басшысы Ақ үй мінберінде тұрған суретін жариялап, «Жаңа кезеңге қадам басамыз» деп жазды. Осыдан кейін оның спорт саласынан саясатқа ауысуы мүмкін екені қызу талқыланды.
Кейін Трамп бұл ұсынысының әзіл екенін түсіндірді. Соған қарамастан, 9 қарашада Уайтты журналистермен кездесуге шақырды.
Брифинг барысында АҚШ президенті UFC басшысына тағы да сол сұрақты қойды.
«Дана, сізге ең басты сұрағымды қояйын. Америка Құрама Штаттарының баспасөз хатшысы болғыңыз келе ме? Артыңыздағы жазуға қараңыз. Ақ үй, Вашингтон. Бұл жазу үнемі артыңызда тұрады. Осы қызметті қалайсыз ба, әлде сол бір күлкілі UFC-де қала бергіңіз келе ме?» – деді Трамп.
Алайда Дана Уайт ұсыныстан бас тартты.
«Ұсынысыңызға рақмет, мырза. Мен саясатпен айналысқым келмейді», – деп жауап берді UFC басшысы.
Осыдан кейін Дональд Трамп әзілдеп, Уайттың жауабына көңілі толмағанын айтты. Артынша екеуі қол алысып, әңгімені аяқтады.