Басты бет
·
Киберспорт

Данил Голубенко бастаған FURIA CS2 турнирінің чемпионы атанды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: HLTV

Фото: HLTV

Қазақстандық киберспортшы Данил «molodoy» Голубенко өнер көрсететін бразилиялық FURIA командасы Counter-Strike 2 ойынынан Thunderpick World Championship 2026 турнирінде жеңіске жетті. Жарыс 18 қазанда Мальтада аяқталды.

Thunderpick World Championship 2026. Counter-Strike 2. Финал

FURIA (Бразилия) – BetBoom Team (Ресей) – 3:2

Карталар: Dust2 – 13:6, Ancient – 16:19, Nuke – 9:13, Mirage – 13:11, Cache – 13:6.

Финалда FURIA алғашқы Dust2 картасында 13:6 есебімен жеңіске жетті. Алайда кейін Ancient (16:19) және Nuke (9:13) карталарында қарсыласына жол берді. Шешуші сәтте бразилиялық ұжым Mirage картасында 13:11 есебімен жеңіп, сериядағы есепті теңестірді. Ал соңғы Cache картасында 13:6 есебімен басым түсіп, чемпион атанды.

Турнир жеңімпазы 500 мың доллар сыйақы алды. Оның 250 мыңы ойыншыларға, қалған 250 мыңы клубқа тиесілі. Ал финалға шыққан BetBoom Team 250 мың доллар иеленді. 14–18 қазан аралығында өткен жарыстың жалпы жүлде қоры бір миллион долларды құрады.

Данил Голубенко финалдық серияны 85 фрагпен және 78 рет қаза табумен аяқтады. Оның HLTV 3.0 рейтингі 0,96 болды. Жеке рейтинг көрсеткіші бойынша FURIA құрамында соңғы орында тұрғанына қарамастан, қазақстандық ойыншы команда серіктестерінің арасында ең көп қарсыласын жойды.

Айта кетейік, FURIA Thunderpick World Championship турниріндегі чемпиондық атағын қорғап қалды. 2025 жылғы жарыстың финалында бразилиялық команда Natus Vincere ұжымын 3:2 есебімен жеңген еді. Биылғы жеңіс FURIA үшін 2026 жылғы алғашқы чемпиондық атақ болды. Команда бұған дейінгі жүлдесін 2025 жылдың қарашасында BLAST Rivals Season 2 турнирінде жеңіп алған.

Данил Голубенко бастаған FURIA CS2 турнирінің чемпионы атанды – sport-hub