Дәрігер Шавкат Рахмоновтың октагонға қашан оралуы мүмкін екенін айтты

Аружан Талгат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстандық UFC жауынгері Шавкат Рахмонов келесі жекпе-жегін 2027 жылдың басында өткізуі мүмкін. Мұндай болжамды спортшының емдеуші дәрігері Михаил Маркуарт айтты.

Маманның сөзінше, Рахмоновтың кәсіби мансабын жалғастыруына кедергі болатын медициналық мәселе енді жоқ. Ендігі кезекте оның октагонға оралу мерзімі денсаулық жағдайына емес, жаттықтырушылар құрамымен бірге жарысқа қажетті бабын қаншалықты тез қалпына келтіретініне және UFC ұйымының жарыс кестесіне байланысты болады.

«Шавкаттың кәсіби мансабын жалғастыруына медициналық тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ. Қалғаны дайындық деңгейі мен UFC-дің жарыс кестесіне байланысты. Менің ойымша, келесі жылдың басында оны қайтадан октагонда көреміз», – деді Маркуарт YouTube-тегі «Солай де | UFC» арнасына берген сұхбатында.

Шавкат Рахмонов соңғы рет октагонға 2024 жылдың желтоқсанында шығып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Иэн Гэрриді жеңген болатын. Осыдан кейін қазақстандық UFC чемпиондық белдігі үшін жекпе-жек өткізуі тиіс еді, алайда тізе жарақатына байланысты кездесуден бас тартуға мәжбүр болды.

Кейін спортшыға қайтадан ота жасалып, соның салдарынан оның октагонға оралуы бірнеше рет кейінге шегерілді. Ұзақ уақыт жекпе-жексіз қалған Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақтағы ресми рейтингінен де шығып қалды. Бұған дейін ол бұл рейтингте екінші орында тұрған еді.