Дастан Сәтпаев «Бернли» – «Мидлсбро» матчының үздік ойыншысы атанды

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев Англия чемпионатының төртінші турында өткен «Бернли» – «Мидлсбро» кездесуінің үздік ойыншысы деп танылды.

Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.

18 жастағы шабуылшы үшін бұл ағылшын клубына ауысқалы бері өткізген төртінші матчы болды. Бұл жолы Сәтпаев алаңға негізгі құрамда шығып, кездесудің басым бөлігін өткізді. 80-минутта бас бапкер қазақстандық футболшыны алаңнан ауыстырды. Шабуылшының алаңнан шығуын жанкүйерлер қошеметпен қарсы алды.

Кездесу аяқталғаннан кейін Сәтпаевтың ойыны ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағаланды. Қазақстандық футболшыға матчтың үздік ойыншысы жүлдесі табысталды.

Ойыны жоғары бағаланғанымен, Сәтпаевтың нәтижелі әрекеттер статистикасы әзірге өзгеріссіз. Ол өткізген төрт матчта әлі гол соғып, нәтижелі пас берген жоқ. Сонымен қатар төрт кездесудің үшеуін қазақстандық футболшы негізгі құрамда бастады.

Турнирлік тұрғыдан «Бернли» үшін маусымның басталуы қиын өтіп жатыр. Төрт турдан кейін команда жеткілікті ұпай жинай алмай, Чемпионшиптегі аутсайдерлер аймағында 23-орында тұр.

«Бернли» турнирдегі жағдайын жақсартуға 5 қыркүйекте мүмкіндік алады. Команда бұл күні «Бристоль Ситиге» қарсы ойнайды.

Дастан Сәтпаев «Бернли» – «Мидлсбро» матчының үздік ойыншысы атанды – sport-hub