Басты бет
·
Футбол

Дастан Сәтпаев пен «Қайраттың» тағы 13 футболшысы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атанды

Аружан Талғат··
Фото: f.c.kairat

Фото: f.c.kairat

Алматылық «Қайраттың» 14 футболшысына «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді. Марапаттау рәсімі Тимур Сегізбаев атындағы академияда өтті.

Футболшыларға марапаттарды «Қайрат» клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев, бас директор Асқар Есімов, сондай-ақ қазақстандық футбол ардагерлері Құралбек Ордабаев пен Бақыт Талғаев табыстады.

Құрметті атаққа ие болған футболшылар:

- Темірлан Анарбеков

- Дамир Қасабұлат

- Әділет Сәдібеков

- Еркін Тапалов

- Александр Мрынский

- Александр Широбоков

- Лев Кургин

- Олжас Байбек

- Азамат Тұяқбаев

- Шерхан Қалмырза

- Мансұр Бірқұрманов

- Мұхамедәлі Әбіш

- Рамазан Бағдат

- Дастан Сәтпаев

Айта кетейік, марапатталғандар қатарында алматылық клубтан кетіп үлгерген Дастан Сәтпаев та бар.

Бұл марапат «Қайраттың» тарихи жетістігінің тағы бір мойындалуы болды. 2025/26 жылғы маусымда алматылық клуб өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды.

Қазақстандық команда шешуші іріктеу кезеңінде шотландиялық «Селтикті» жарыс жолынан шығарды. Екі кездесуде де есеп ашылмай, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.

Бұл сәтте қақпашы Темірлан Анарбеков басты қаһарманға айналды. Ол қарсыластың үш соққысын қайтарып, «Қайраттың» пенальти сериясында 3:2 есебімен жеңіске жетуіне көмектесті.

Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде алматылықтар Еуропаның азулы клубтарымен кездесті. «Қайрат» өз алаңында мадридтік «Реалдан» 0:5 есебімен жеңілсе, Миланда «Интерге» 1:2 есебімен жол берді. Ал Лондондағы «Арсеналға» қарсы кездесу 2:3 есебімен аяқталды.

Нәтижелерге қарамастан, Чемпиондар лигасындағы дебют клуб тарихындағы маңызды жетістікке айналды.

Биылғы маусымда «Қайрат» еурокубоктағы өнерін Конференциялар лигасында жалғастырып жатыр.

Алғашқы турда алматылықтар сырт алаңда латвиялық «Ригамен» 1:1 есебімен тең түсіп, кейін өз алаңында грекиялық «Панатинаикосқа» 1:5 есебімен жеңілді.

Үшінші турда қазақстандық клуб Италияда «Аталантамен» 1:1 есебімен тең ойнап, маңызды ұпайға қол жеткізді.

«Қайрат» Конференциялар лигасындағы келесі кездесуін 26 қарашада швециялық «Мьельбюге» қарсы өткізеді.