Басты бет
·
Футбол

Дастан Сәтпаевтың клубы Англияда тарихи антирекорд орнатты

Дина Хамзина··
Фото: Instagram d.satpayev

Фото: Instagram d.satpayev

Қазақстандық шабуылшы өнер көрсететін «Бернли» командасы чемпионат аясындағы өз алаңындағы матчтарда 378 күннен бері жеңіске жете алмай келеді. Сәтсіз серия 22 кездесуге жетті.

Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев өнер көрсететін Англияның «Бернли» клубы өз алаңындағы жеңіссіз серияның ұзақтығы бойынша антирекорд орнатты.

31 қазанда «бордолар» Чемпионшип аясында «Портсмутты» қабылдады. «Терф Мур» стадионында өткен кездесу голсыз тең аяқталып, 0:0 есебі тіркелді. Осылайша, алаң иелерінің жеңіссіз сериясы 22 матчқа дейін ұзарды.

«Бернли» чемпионат аясындағы соңғы жеңісіне 2025 жылдың 18 қазанында қол жеткізген. Сол кезде команда «Лидс Юнайтедті» 2:0 есебімен жеңген еді. Содан бері өз алаңында 22 матч өткізіп, 11 рет жеңіліп, тағы 11 кездесуде тең түскен.

Осылайша, клубтың өз алаңындағы соңғы жеңісінен бері 378 күн өтті. Дереккөздің мәліметінше, «Бернли» Англия футболының төрт жоғарғы дивизионындағы командалар арасындағы бұрынғы антирекордты жаңартты.

Бұған дейін бұл көрсеткіш «Шеффилд Уэнсдей» клубына тиесілі болған. Команда 2025 жылдың сәуірінен 2026 жылдың мамырына дейін, яғни 376 күн бойы чемпионат аясында өз алаңында жеңіске жете алмаған.

Қазіргі маусымда «Бернли» сапында лондондық «Челсиден» жалға алынған қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев өнер көрсетіп жүр.

Алайда ол «Портсмутқа» қарсы соңғы кездесуге санның артқы бұлшықетінен алған жарақатына байланысты қатысқан жоқ.

Айта кетейік, бұл антирекорд тек ұлттық чемпионат матчтарын қамтиды. Ал кубоктық турнирлерде «Бернли» жеңіске жеткен. 2026 жылдың қаңтарында команда Англия кубогында «Миллуоллды» ұтса, жаңа маусымдағы Англия лигасы кубогының алғашқы кезеңінде «Ноттс Каунтиді» пенальти сериясында жеңген.

Дастан Сәтпаевтың клубы Англияда тарихи антирекорд орнатты – sport-hub