Дәулет Теміржанның Токиодағы «күмісі» және Михаэль Шумахердің дисквалификациясы: спорт тарихында 28 тамыз

Ульяна Калиаскар··
ЖИ

ЖИ

28 тамыз спорт тарихында қазақстандық Дәулет Теміржанның Токиодағы Паралимпиадада күміс медаль жеңіп алуымен, АПЛ-дегі «Арсеналдың» ірі есеппен жеңілуімен және Аргентинаның алғашқы олимпиадалық «алтынымен» есте қалды.

Қазақстан:

Токиодағы Паралимпиадада Қазақстанның үшінші медалі

2021 – осы күні қазақстандық парадзюдошы Дәулет Теміржан (73 келіге дейін) Токиодағы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Финалда ол Өзбекстан спортшысы Феруз Саидовтан «иппон» әдісімен жеңілді. Бұл Қазақстан қоржынына түскен үшінші медаль болды. Бұған дейін парапауэрлифтингтен Давид Дегтярев алтын, ал парадзюдошы Ануар Сариев күміс медаль жеңіп алған еді.

Әлем:

Автоспорт тарихынан

1977 – осы күні австриялық Ferrari пилоты Ники Лауда Нидерланд Гран-приінде жеңіске жетті. Екінші орынға Ligier-Matra сапындағы француз Жак Лаффит ие болды. Үздік үштікті Wolf-Ford командасының оңтүстікафрикалық өкілі Джоди Шектер түйіндеді. Жарыс Зандворт трассасында өтті.

Бокс ардагері жас қарсыласына жол берді

1998 – осы күні америкалық жас боксшы Уильям Джоппи WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы чемпиондық белбеуін аңызға айналған панамалық Роберто Дюранға қарсы жекпе-жекте қорғады. Дюран үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңілді. Жекпе-жек кезінде Дюран 47 жаста болса, оның қарсыласы 28 жаста еді.

Бельгия Гран-приіндегі даулы дисквалификация

1994 – осы күні аты аңызға айналған неміс автошабандозы Михаэль Шумахер (Benetton-Ford) Бельгия Гран-приін бірінші болып аяқтады. Алайда жарыстан кейін ол дисквалификацияланды. Жеңіс Williams-Renault командасының британдық пилоты Деймон Хиллге берілді.

Шумахердің дисквалификациясына оның болидінің түбіндегі бақылау тақтайшасының рұқсат етілген мөлшерден артық қажалып кетуі себеп болды. FIA Шумахердің жеңісін жойып, бұл шешім үлкен дау тудырды. Алты жарысты қатарынан жеңіп, Формула-1-дегі кезекті чемпиондық атағына сенімді түрде бет алған Шумахер жарыстарға келесі маусымда ғана қайта оралды.

Аргентина Афина Олимпиадасында «алтын» алды

2004 – осы күні Аргентина футбол құрамасы Афина Олимпиадасының финалында Парагвайды 1:0 есебімен жеңіп, тарихындағы алғашқы олимпиадалық «алтынды» иеленді. Шешуші голды 18-минутта шабуылшы Карлос Тевес соқты.

Марсело Бьелса жаттықтырған Аргентина құрамасы бүкіл турнир барысында бірде-бір гол жібермей, рекорд орнатты.

«Барселона» УЕФА Суперкубогын жеңіп алды

2009 – осы күні испаниялық «Барселона» Донецктің «Шахтерін» 1:0 есебімен жеңіп, УЕФА Суперкубогының иегері атанды. Шешуші голды 115-минутта испаниялық шабуылшы Педро соқты. Матч «Луи II» стадионында өтті.

«Барселона» кездесуге Чемпиондар лигасының жеңімпазы ретінде келсе, «Шахтер» 2008/09 жылғы УЕФА кубогының иегері мәртебесінде ойнады.

«Титандар шайқасы»

2010 – осы күні аты аңызға айналған америкалық боксшы Джеймс Тони аралас жекпе-жектегі алғашқы әрі жалғыз кездесуін өткізді. Ол Бостонда өткен UFC 118 турнирінде октагонға шықты.

Кештің басты жекпе-жегінің алдында Тони UFC Даңқ залының мүшесі Рэнди Кутюрмен кездесті. Жекпе-жек бірінші раундта Кутюрдің тұншықтыру әдісімен жеңуімен аяқталды.

АПЛ тарихындағы ірі жеңіліс

2011 – осы күні «Манчестер Юнайтед» АПЛ-дің үшінші турында «Арсеналды» 8:2 есебімен ойсырата жеңді. Матч «Олд Траффорд» стадионында өтті.

Голдарды Уэлбек (22'), Янг (28', 90+1'), Руни (41', 64', 82'), Уолкотт (45+3'), Нани (67'), Пак Чжи Сун (70') және ван Перси (74') соқты.

Бұл «Арсеналдың» 1896 жылдан бергі ең ірі жеңілісі болды.

Макс Ферстаппеннің жарқын жеңісі

2022 – осы күні Red Bull командасының нидерландтық автошабандозы Макс Ферстаппен Бельгия Гран-приінде жеңіске жетті. Екінші орынға оның командаласы, мексикалық Серхио Перес жайғасты. Үздік үштікті Ferrari өкілі, испаниялық Карлос Сайнс кіші түйіндеді.

Ферстаппен айыппұлға байланысты жарысты 14-орыннан бастап, керемет нәтиже көрсетіп, алға суырылып шықты.

Бұл күні дүниеге келгендер:

1949 – Лариса Петрик, кеңестік гимнастикадан танымал спортшы, Мехико-1968 Олимпиадасының қола жүлдегері және екі дүркін чемпионы.

1950 – Сейілда Байшақов, қазақстандық және кеңестік футболдың аңызы. Жамбылдың «Энергетигі», алматылық «Қайрат» және КСРО құрамасында ойнаған. Кеңес командасы сапында Венгрия мен Грекия құрамаларына қарсы матчтарға қатысты. Мансабының басым бөлігін алматылық «Қайратта» өткізіп, клуб сапында 296 матчқа қатысып, 11 гол соқты. Сейілда Байшақов 2023 жылы өмірден өтті.

1982 – Тиаго Мотта, италиялық және бразилиялық жартылай қорғаушы. Испанияның «Барселонасы» және миландық «Интер» сапында Чемпиондар лигасын жеңіп алған.

Дәулет Теміржанның Токиодағы «күмісі» және Михаэль Шумахердің дисквалификациясы: спорт тарихында 28 тамыз – sport-hub