Басты бет
·
Басқа спорт түрлері

Дәурен Бекмұханбетов: «Қазақстан чемпионатына ұлттық құраманың барлық дерлік көшбасшысы қатысады»

Каирбек Тулегенов ··
Фото: Қазақстан ауыр атлетика федерациясы

Фото: Қазақстан ауыр атлетика федерациясы

Қытайдың Нинбо қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасының қоржынына жалғыз медальді 95 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанған Нұрғиса Әділетұлы салды.

Ұлттық құраманың бас бапкері Дәурен Бекмұханбетов Sport-hub.kz басылымына берген сұхбатында әлем чемпионатын қорытындылап, спортшылардың жағдайы мен алдағы Қазақстан чемпионатына дайындық туралы айтты.

– 27 қазан мен 8 қараша аралығында Қытайда өткен әлем чемпионаты 2028 жылғы Олимпиадаға іріктеу кезеңінің алғашқы жарысы болды. Құрама алдына қандай мақсат қойылды және ол қаншалықты орындалды?

– Қытайдағы әлем чемпионатының басты ерекшелігі – спортшылар Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу үшін алғаш рет рейтингтік ұпай жинай алды. Сондықтан жарысқа 95 елден 500-ге жуық ауыр атлет қатысты.

Қазақстан атынан ерлер құрамасының үш көшбасшысы және тағы екі спортшы өнер көрсетті. Нәтижесінде Едіге Емберді 85 келіге дейінгі салмақта 16-орын, ал Петр Хребтов 75 келіде 14-орын алды.

Құрама көшбасшылары арасында Нұрғиса Әділетұлы 95 келіде күміс медаль жеңіп алды. Алексей Чуркин 85 келіде төртінші, Артем Антропов 110 келіде сегізінші орынға тұрақтады.

Басты мақсатымыз құрама көшбасшыларының өз салмақ дәрежелерінде үздік сегіздікке енуі еді. Бұл міндетті орындадық. Оның үстіне Артем Антропов Қытайға белі ауырып барды. Соған қарамастан сегізінші орын алды.

– Азия ойындары мен әлем чемпионатының арасы небәрі бір ай болды. Бұл спортшылардың қалпына келуіне қаншалықты әсер етті?

– Бір ай бұрын Алексей Чуркин мен Нұрғиса Әділетұлы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды. Арада бір ай өткенде олар әлем чемпионатына қатысты.

Ауыр атлеттер үшін бір ай толық қалпына келуге жеткіліксіз. Мұндай жағдайда қайта жарақат алу қаупі артады. Сонымен қатар қысқа уақыт ішінде екі ірі жарысқа қатысу психологиялық тұрғыдан да оңай емес.

Биыл жыл басында Нұрғиса иығына, ал Алексей құрсақ қуысына ота жасатты. Соның салдарынан дайындық барысында біраз уақыт жоғалттық.

Қазір екі спортшы да өздерінің ең жоғары нәтижесін көрсете алмай жүр. Толық қалпына келу үшін уақыт қажет. Бізде 2028 жылға дейінгі стратегиялық дайындық жоспары бар. Азия ойындарынан бері сол жоспар бойынша жұмыс істеп келеміз.

– 16–22 қараша аралығында Астанада Қазақстан чемпионаты өтеді. Оған ұлттық құраманың барлық көшбасшысы қатыса ма?

– Маусымдағы маңызды ішкі жарыстардың біріне еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық спортшы қатысады деп күтіп отырмыз. Ұлттық құраманың барлық дерлік мықты ауыр атлеті Қазақстан чемпионатында өнер көрсетуге міндетті. Тек Алексей Чуркин мен Сергей Петрович жарақатына байланысты жарыстан босатылды.

Қазақстан чемпионатынан кейін 7–16 желтоқсан аралығында Қатар астанасы Дохада өтетін келесі турнирге дайындықты бастаймыз. Бұл жарыста да 2028 жылғы Олимпиадаға іріктеу үшін рейтингтік ұпай жинауға мүмкіндік болады.