Де Минор US Open-2026 турнирінің екінші айналымына өтті

Фото: x_@atptour
Әлемнің жетінші ракеткасы, австралиялық Алекс де Минор италиялық Андреа Гуэррьериді (ATP 187) 6:2, 6:2, 6:4 есебімен жеңіп, US Open-2026 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.
Матч 1 сағат 40 минутқа созылды. Де Минор бес эйс жасап, бес рет қосарланған қателік жіберді және 12 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Ал Гуэррьери екі эйс орындап, екі рет қосарланған қателікке жол берді және қарсыласының сервисін бұзуға берілген жалғыз мүмкіндігін пайдаланды.
Гуэррьери үшін бұл ATP деңгейіндегі турнирдің негізгі кезеңіндегі дебют болды. Итальяндық теннисші US Open-2026 турниріне іріктеу кезеңі арқылы өтіп, онда үш жеңіске жетті.
Екінші айналымда де Минор ATP рейтингінде 70-орында тұрған нидерландтық Ботик ван де Зандсхулппен кездеседі. Австралиялық бұған дейінгі төрт кездесудің барлығында жеңіске жеткен. Олардың соңғы кездесуі Роттердамдағы турнирдің ширек финалында өтіп, де Минор 3:6, 7:6 (7:4), 7:5 есебімен басым түскен.
Еске салайық, US Open турнирінің қазіргі чемпионы – Карлос Алькарас. Испаниялық теннисші 2025 жылғы финалда Янник Синнерді жеңген болатын. Биылғы турнир 30 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында өтеді.