Допинг үшін 12 қазақстандық спортшы дисквалификация алды

Фото: ҚР ҰОК
Қазақстанның допингке қарсы орталығы WADA ережелерін бұзғаны үшін дисквалификация алған спортшылардың жаңа тізімін жариялады.
Тізімге ауыр атлетика, күрес, дзюдо, таеквондо, спорттық гимнастика, джиу-джитсу және пара-пауэрлифтинг өкілдері енді. Спортшылардың дисквалификация мерзімі екі жылдан төрт жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Ауыр атлетикада бірден үш спортшы дисквалификация алды: Анастасия Антропова — «Метандиенон» қолданғаны үшін, Вячеслав Корщиков — GHRP-6 үшін, ал Тұңғат Жуат — «Дростанолон» үшін.
Әйелдер күресінде Мадхия Усманова («Мельдоний») мен Диана Асылбекова («Фуросемид») санкцияға ұшырады. Еркін күресте Мирас Сұлтанбек («Мельдоний») пен Әлібек Әбдіқасымов («Дростанолон») дисквалификацияланды.
Пара-пауэрлифтингте тізімге Айгерім Айдарқызы («Фуросемид») және орналасқан жері туралы ақпарат беру ережесін бұзған Камиль Хузиахметов енді.
Сондай-ақ спорттық гимнастика өкілі Арина Лебедева («Сибутрамин»), дзюдошы Ержан Еренқайыпов («Мельдоний»), таеквондошы Хальзальпер Ромашкин («Фуросемид»), джиу-джитсу өкілі Айкүміс Абжанова («Фуросемид») және грек-рим күресінің балуаны Ерзат Ерланов та дисквалификация алды. Ерзат Ерлановтың ағзасынан «Станозолол» мен «Кломифен» анықталған.