«Дженоа» Италия құрамасының бұрынғы шабуылшысын қатарына қосты

Фото: x_@GoalCrestX
«Милан», «Рома» және Италия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Стефан Эль-Шаарави араға 16 жыл салып, «Дженоаға» қайта оралды.
33 жастағы футболшы «Ромамен» келісімшарты аяқталғаннан кейін генуялық клубқа еркін агент ретінде қосылды. Тараптар бір маусымға келісімшарт жасасты. Сонымен қатар келісімді тағы бір жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Эль-Шаарави «Дженоада» 92-нөмірмен өнер көрсетеді.
«Дженоада» мен кәсіби футболдың қуанышын алғаш рет сезіндім. Осы жейдеге қайта оралу белгілі бір кезеңнің аяқталғанын білдіреді. Үйге оралу мені де, отбасымды да мақтаныш сезіміне бөледі. «Дженоа» – біздің ДНҚ-ның бір бөлігі. Осы клубтың түстері мен жанкүйерлері үшін күресуге деген ұмтылысым – басты қозғаушы күшім. Алға, «грифондар!» – деді футболшы клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Эль-Шаарави «Дженоаның» академиясында тәрбиеленіп, 2008 жылдың желтоқсанында 16 жасында А сериясында дебют жасады. Кейін ол «Падова», «Милан», «Монако», «Шанхай Шэньхуа» және «Рома» клубтарында ойнады.
Италия құрамасы сапында 32 матч өткізіп, жеті гол соқты және 17 нәтижелі пас берді.