Джон ван ’т Схип Фарер аралдарымен тең ойынды жақсы бастама деп бағалады

ҚФФ
Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип 2026/27 жылғы УЕФА Ұлттар лигасының алғашқы турында Фарер аралдарына қарсы өткен матчтың нәтижесіне пікір білдірді. Торсхавнда өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Қазақстан құрамасы 15-минутта гол жіберіп алғанымен, үзіліске дейін есепті теңестіріп үлгерді. Бұрыштамадан Бауыржан Исламхан допты қақпа алдына асырған, ал Темірлан Ерланов баспен дәл соққы жасап, есепті теңестірді.
«15-минутта гол жіберіп алғанымызды ескерсек, бұл нәтижеге көңіліміз толады деп ойлаймын. Есепті теңестіре алдық. Ерланов өте жақсы гол соқты. Ол Исламханның бұрыштамадан берген сапалы пасынан кейін баспен жақсы ойнады», – деді ван ’т Схип.
Бас бапкер матчтың тартысты өткенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан допқа көбірек иелік етсе, алаң иелері жылдам тік шабуылдар арқылы қауіп төндірген.
Сонымен қатар Қазақстанның алға шығуға мүмкіндігі болды. Ян қақпаға соққы жасауға мүмкіндік алғанымен, доп қақпа бағанына тиді.
«Қажет болған сәттерде жақсы қорғана білдік. Тек гол жіберіп алған эпизодта ғана қателестік. Екінші таймда Фарер аралдарының соған ұқсас тағы бір мүмкіндігі болды, бірақ доп қақпадан қиыс кетті.
Жалпы алғанда, жинақы ойнадық және команда болып қорғандық. Бұл жерден бір ұпай алу – жақсы бастама деп ойлаймын», – деп атап өтті Қазақстан құрамасының бас бапкері.