Басты бет
·
Футбол

Джон ван ’т Скип: «Фарер аралдарына қарсы алғашқы матчты асыға күтіп отырмыз»

Aibar Rysdaulet··
ҚР ҰОК

ҚР ҰОК

Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Скип УЕФА Ұлттар лигасының Фарер аралдарына қарсы алғашқы матчынан не күтетінін айтты. Кездесу 26 қыркүйекте өтеді және бұл нидерландтық маманның Қазақстан құрамасындағы алғашқы ресми ойыны болмақ.

Баспасөз мәслихаты басталар алдында ван ’т Скип Қазақстандағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Осыдан кейін маман команданың алдағы ойынға дайындығы туралы айтып берді.

«Алдымен Қазақстандағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтқым келеді. Жас азаматтар елге қызмет етіп жүрген кезде қайғылы жағдай болды.

Барлық ойыншылар мен бапкерлер штабының атынан қаза тапқандардың отбасыларына және Қазақстанның барлық халқына көңіл айтамыз. Бұл туралы айтуды маңызды деп санаймын. Өйткені өмір футболдан маңызды.

Біз дайындықты шамамен бір апта бұрын бастадық. Ойыншылар командаға біртіндеп қосылды. Алғашқы күні 17-18 футболшы болды. Команданың толық құрамда жиналуы үшін шамамен үш-төрт күн қажет болды.

Өкінішке қарай, оқу-жаттығу жиыны басталмай тұрып бірнеше ойыншы жарақат алып қалды. Сондықтан оларды шақырудан бас тартып, орнына басқа футболшыларды қосуға тура келді. Бұл жаңа ойыншыларға өз қабілеттерін көрсету үшін жақсы мүмкіндік.

Осы апта ішінде жаттығуларда футболшылардың энергиясы мен жұмыс істеуге деген ынтасы жоғары екенін көрдік. Енді мұнда Фарер аралдары құрамасына қарсы алғашқы матчты асыға күтіп отырмыз», – деді Джон ван ’т Скип.

Фарер аралдары – Қазақстан матчы УЕФА Ұлттар лигасының C3 тобында өтеді. Қазақстан құрамасы Фарер аралдарындағы ойыннан кейін 29 қыркүйекте Словакиямен сырт алаңда кездеседі. Ал 2 және 6 қазанда Молдова мен Фарер аралдарын өз алаңында қабылдайды.