«Эдмонтон» ҰХЛ матчында «Рейнджерсті» жеңді

Фото: Codie McLachlan/Getty Images
Ұлттық хоккей лигасының (ҰХЛ) тұрақты чемпионатында «Эдмонтон Ойлерз» өз алаңында «Нью-Йорк Рейнджерсті» 3:1 есебімен жеңді.
Кездесу 10 қарашада Канаданың Эдмонтон қаласындағы «Роджерс Плэйс» аренасында өтті.
Бірінші кезеңнің жетінші минутында алаң иелерінің капитаны Коннор Макдэвид есеп ашты. Екінші кезеңнің басында Леон Драйзайтль Василий Подколзин мен Маттиас Экхольмнің нәтижелі пастарынан кейін командасының басымдығын арттырды.
Арада екі минут өткенде «Рейнджерс» шабуылшысы Ярослав Хмеларж командасы сан жағынан кем ойнап жатқанда шайба соғып, есеп айырмасын қысқартты. Алайда қонақтар таразы басын теңестіре алмады.
Матчтың аяқталуына 73 секунд қалғанда Драйзайтль тағы бір шайба соғып, дубль авторы атанды. Неміс шабуылшысы командасы сан жағынан кем болған сәтте Коннор Макдэвидтің пасын нәтижелі аяқтады.
Осылайша кездесудің басты қаһарманы екі шайба соққан Леон Драйзайтль болды. Ал Макдэвид бір гол және бір нәтижелі паспен көзге түсті. Қорғаушы Маттиас Экхольм екі нәтижелі пас берді.
«Эдмонтон Ойлерз» – «Нью-Йорк Рейнджерс» – 3:1.
Келесі кездесуін «Эдмонтон» 12 қарашада «Филадельфия Флайерзге» қарсы өткізеді. Сол күні «Нью-Йорк Рейнджерс» сырт алаңда «Калгари Флэймзбен» кездеседі.