Екі Нурмагомедовке қарсы тұрып, әлемге танылды: Мераб Двалишвилидің 21 жастағы досы кім?

Фото: instagram_com sabaalazishvili
11 қарашада Абу-Дабиде болған жаппай төбелестен кейін грузиялық жас спортшы Саба Лазишвилидің есімі ММА жанкүйерлері арасында кеңінен тарады. 21 жастағы балуан UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвилиге жасалған шабуыл кезінде оның жанында болған.
Двалишвилидің айтуынша, жанжалға Усман және Умар Нурмагомедовтер қатысқан. Ал жас балуан қарсыластарына төтеп беріп, әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды.
Абу-Дабидегі қонақүйде не болды?
Оқиға Real American Freestyle (RAF) турнирі қарсаңында Абу-Дабидегі Yas Hilton қонақүйінің холында болған.
Мераб Двалишвили сұхбат беріп тұрған кезде оған Усман Нурмагомедов пен жанындағы бірнеше адам жақындаған.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада Усманның Двалишвилиге бірдеңе айтып, кейін бетінен ұрғаны көрінеді. Осыдан соң жанжал жаппай төбелеске ұласқан.
Кейін Мераб әлеуметтік желіде төбелестен кейінгі жағдайын көрсетті. Оның бетінде қан мен жарақат іздері байқалды. Жанында тұрған Саба Лазишвилидің де беті жарақаттанған.
Двалишвилидің сөзінше, күзет қызметкерлері оны ұстап тұрған кезде қарсы тарап соққы жасауды жалғастырған. Ал 21 жастағы досы өзін қорғай алған.
«Егер екеуінің шамасы осыған ғана жетсе, ММА-ға ауысамын»
Мераб Двалишвили жас балуанның әрекеті туралы айтып, оның бірден екі Нурмагомедовке қарсы тұрғанын мәлімдеді.
«Менің досым небәрі 21 жаста. Ол Грузиядан келген, күреспен айналысады. Елестетіп көріңіздерші, оған Усман мен Умар Нурмагомедовке бір уақытта қарсы тұруға тура келді.
Ал оның алған жарақатына қараңыздар. Бетінде аздаған жарақат қана бар.
Осыдан кейін ол маған ММА-ға ауысқысы келетінін айтты. Егер екеуі бірігіп оған осындай ғана зақым келтіре алса, демек аралас жекпе-жекте мүмкіндігі бар деп есептейді. Оның үстіне кейін басқа жігіттермен де төбелесіп үлгерген», – деді Двалишвили.
Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, жанкүйерлер жас грузиялық спортшының кім екеніне қызығушылық таныта бастады.
Саба Лазишвили кім?
Грузиялық журналист Георгий Кокиашвили төбелеске қатысқан жас спортшының Саба Лазишвили екенін анықтады.
Ол – Грузиядан шыққан 21 жастағы балуан. Двалишвилидің командасымен байланысы бар және кәсіби спортшылармен бірге жаттығады.
Лазишвилидің жаттығу ортасында UFC-дің бұрынғы чемпиондары Мераб Двалишвили мен Алджамейн Стерлинг те бар.
Дегенмен Саба әзірге ММА бойынша ірі халықаралық турнирлерде өнер көрсетуімен танылмаған.
Журналистің айтуынша, жас спортшы негізінен күреске маманданған және бұған дейін толыққанды жұдырықтасу жекпе-жектеріне қатыспаған.
Соған қарамастан Абу-Дабидегі оқиғадан кейін Лазишвили ММА әлеміндегі ең көп талқыланған жас спортшылардың біріне айналды.
Айта кетейік, оның Усман және Умар Нурмагомедовтермен бір уақытта төбелескені туралы ақпарат әзірге Двалишвилидің мәлімдемесіне негізделген. Жанжалдың барлық мән-жайы ресми түрде анықталған жоқ.