Усман Нурмагомедов Мераб Двалишвилиге шабуыл жасағаны үшін бір жылға сотталуы мүмкін

Фото: Getty Images
Ресейлік файтер, PFL ұйымының жеңіл салмақтағы чемпионы Усман Нурмагомедов грузиялық спортшы, UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвилиге шабуыл жасады деген күдікке ілінді.
Home of Fight мәліметінше, БАӘ заңнамасының 390-бабына сәйкес, Нурмагомедов бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе шамамен 2700 доллар айыппұл төлеуі мүмкін.
Спортшыны жауапкершілікке тарту үшін жәбірленушінің арыз жазуы міндетті емес. Оқиғаның бейнежазбасы тергеу жүргізуге негіз бола алады.
Дереккөздің хабарлауынша, полиция Нурмагомедов пен жанжалға қатысқан басқа адамдардан жауап ала бастаған.
Сонымен қатар БАӘ заңнамасының 392-бабында шабуылды үш немесе одан да көп адамның бірігіп жасауы жазаны ауырлататын жағдай ретінде қарастырылған.
Еске салайық, оқиға 11 қарашада Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде болған. Нурмагомедов пен оның командасының өкілдері Двалишвили мен оның досына шабуыл жасады деп айыпталып отыр.
Айта кетейік, 14 қарашада өтетін RAF турнирінде Мераб Двалишвили Марлон Мораеспен, ал Умар Нурмагомедов Юрайя Фейбермен еркін күрес ережесі бойынша белдесуі тиіс.