Екі қазақстандық боксшы Азия чемпионатының ширек финалына шықты

Фото: instagram.com_boxingkazakhstan
Қазақстандық боксшылар Әділ Асқанбай мен Досжан Жұмақан Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан 19 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының ширек финалына жолдама алды.
U19 жас санатындағы 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әділ Асқанбай Тәжікстан өкілі Азамжон Хасановпен кездесті. Қазақстандық боксшы екінші раундта техникалық нокаутпен мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Төреші жекпе-жекті тоқтатып, Асқанбайдың жеңісін тіркеді.
Ал 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Досжан Жұмақан 1/8 финалда Қытайлық Тайбэй өкілі Хан-Ен Вангпен қолғап түйістірді. Үш раундтың қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, бокстан Азия чемпионаты 3–16 шілде аралығында Джакартада өтіп жатыр. Қазақстан намысын бұл жарыста 39 боксшы қорғауда.