Елена Рыбакина «Ролан Гарростың» алғашқы айналымындағы жеңісіне пікір білдірді

Темирлан Мажекенов ··
Фото: Robert Prange/Getty Images

Фото: Robert Prange/Getty Images

«Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін чемпионы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина «Ролан Гаррос» — 2026 турнирінің алғашқы айналымында словениялық Вероника Эрьявецті жеңгеннен кейін өз ойын айтты.

Кездесу 6:2, 6:2 есебімен аяқталды.

Матчтан кейін спортшы нәтижеге көңілі толатынын, алайда әлі де жетілдіретін тұстары бар екенін айтты. Сондай-ақ Рыбакина ыстық ауа райы мен жылдам корт жағдайына бейімделудің оңай емес екенін атап өтті.

— Жеңісіме өте қуаныштымын. Әрине, әлде де дамытатын дүниелер көп. Бүгін өте ыстық болды, сондықтан, достар, көбірек су ішіңіздер. Бұл шынымен қиын. Әсіресе көп қозғалмайтын адам үшін. Ауа-райы ауыр болды, бірақ бүгін кейбір әдістерімнің жүзеге асқанына қуаныштымын. Келесі матчты асыға күтемін.

— Мұндай аптап ыстық ойын жағдайына қалай әсер етеді?

— Иә, мұндай ауа райында корт өте жылдам болып кетеді. Допты бақылау қиын. Бұрыштарды қысқарту да оңай емес, себебі доп өте тез ұшады. Уақыт өте келе бұған үйренісіп кетем деп ойлаймын. Енді келесі ойынды күтемін және сол кезде бұдан да жақсы ойнаймын деп үміттенемін, — деді Рыбакина матчтан кейінгі корттағы сұхбатында.

Келесі кездесуінде 26 жастағы қазақстандық теннисші украиналық Юлия Стародубцевамен ойнайды.

Еске салайық, биылғы маусымда «Үлкен дулыға» санатындағы грунт турнирінің жалпы жүлде қоры 72 811 352 долларды (шамамен 34,05 млрд теңге) құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда жүлде қоры рекордтық 9 478 131 долларға (шамамен 4,43 млрд теңге) өсті.

Жекелей сындағы турнир жеңімпаздары 3 303 012 доллар (шамамен 1,55 млрд теңге) сыйақы алады. Бұл 2025 жылғы чемпион алған сыйақыдан 401 988 долларға (шамамен 188 млн теңге) көп. Ал финалистерге 1 651 506 доллар (шамамен 772,2 млн теңге) беріледі.

Елена Рыбакина «Ролан Гарростың» алғашқы айналымындағы жеңісіне пікір білдірді – sport-hub