«Елімайдың» гол авторы Әшірбек Конференциялар лигасындағы матчты қорытындылады

«Елімай» ФК
«Елімай» клубының қорғаушысы Арсен Әшірбек Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі Арменияның «Алашкерт» командасына қарсы өткен матчтан (1:1) кейін өз әсерімен бөлісті.
Арсен кездесуді қорытындылап, қарымта ойын алдындағы команданың көңіл күйі туралы айтты.
«Екі командада да гол соғатын мүмкіндіктер болды. Ойын өте тартысты өтті. Аллаға шүкір. Алла қаласа, қарымта кездесуде бар күшімізді салып, жеңіске жетеміз. Стадионға келіп бізді қолдаған жанкүйерлерге үлкен рақмет. Сондай-ақ Қазақстанда отырып бізге жанкүйер болған, матчты тамашалаған барша қолдаушыларымызға алғыс айтамын. Енді қарымта кездесуге тыңғылықты дайындаламыз», – деді Әшірбек клубтың баспасөз қызметіне.
Қарымта матч 16 шілде күні Семейдегі «Спартак» стадионында өтеді. Қос ойын қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Румынияның «ЧФР Клуж» клубымен кездеседі.
Осы маусымда Арсен Әшірбек «Елімай» сапында барлық турнирде 18 матч өткізіп, екі гол соғып, үш нәтижелі пас берді. Қазақстан Премьер-лигасының 16 турында семейлік клуб 26 ұпаймен турнир кестесінің төртінші сатысында келеді.