Басты бет
·
АО-2026

«Енді реванш алғым келеді»: Төрехан Сабырхан Ишаишпен қайта кездесуі туралы

Али Асетов··
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының финалына жолдама алып, алтын медаль үшін күресін жалғастырады.

Жартылай финалда ол Өзбекстан өкілі Шавкатжон Болтаевты 5:0 есебімен сенімді жеңді.

Финалға шыққаннан кейін Сабырхан шешуші жекпе-жекте кімге қарсы шығатынына алаңдамайтынын айтты. Қазақстандық боксшы кез келген қарсыласпен кездесуге дайын екенін жеткізді.

Дегенмен Төрехан ықтимал финалистердің біріне ерекше қызығушылық танытып отыр. Боксшы Ишаишпен қайтадан рингке шығуды қалайды.

Бұған спортшылардың бұған дейінгі кездесуі себеп. Азия чемпионатында Сабырхан Ишаиштен жеңіліп қалған еді. Енді ол Азия ойындарының финалында сол нәтижені түзетуге мүмкіндік алғысы келеді.

«Мен Ишаишпен кездескім келеді. Себебі Азия чемпионатында оған есе жібердім. Қазір реванш алғым келеді», – деді Төрехан «Qazsport» телеарнасына берген сұхбатында.

Қазақстандық боксшы Жапониядағы турнирге физикалық және тактикалық тұрғыдан жақсы дайындықпен келгенін де атап өтті. Оның айтуынша, Болтаевпен жартылай финалдық жекпе-жекке дайындық қарсыластың ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілген.

«Тактикалық тұрғыдан алдын ала көп жұмыс атқардық. Өзбекстандық боксшымен жекпе-жекке мұқият дайындалдық», – деді Сабырхан.

Айта кетейік, Төреханның ағасы Махмұд Сабырхан 2026 жылғы Азия ойындарындағы өнерін аяқтады. 55 келіге дейінгі салмақта ол қола жүлдеге ие болды.