Басты бет
·
АО-2026

Махмұд Сабырхан Азия ойындарында жартылай финалда жеңіліп қалды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Нургали Жумагазы

Фото: Нургали Жумагазы

Қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан 2026 жылғы Азия ойындарындағы өнерін 55 келіге дейінгі салмақтағы қола медальмен аяқтады.

Жартылай финалда Сабырхан Филиппин өкілі Карло Пааламмен кездесті. Боксшылар үш раунд толық жұдырықтасты. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілердің бөлінген шешімімен филиппиндік боксшы жеңіске жетті (3:2).

Сабырханның Пааламмен бұл ірі турнирдегі алғашқы кездесуі емес. 2022 жылғы Азия чемпионатының 54 келіге дейінгі салмақтағы финалында да филиппиндік боксшы қазақстандықты 4:1 есебімен жеңген. Сонымен қатар Паалам — Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері.

Махмұд Сабырхан қазіргі Азия ойындарында жүлдеге кепілдік беріп, ширек финалда оңтүстіккореялық Шин Джэёнды 3:1 есебімен жеңген еді. Махмұд — әлемнің екі дүркін чемпионы (2023, 2025).

2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.

Махмұд Сабырхан Азия ойындарында жартылай финалда жеңіліп қалды – sport-hub