«Этихадтың» солтүстік трибунасына Хосеп Гвардиоланың есімі беріледі

Темирлан Мажекенов ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

«Манчестер Ситидің» стадионы — «Этихадтың» солтүстік трибунасы клуб бапкері Хосеп Гвардиоланың құрметіне аталады. Бұл туралы «қалалықтардың» ресми сайты хабарлады.

Сондай-ақ бүгін, 22 мамыр күні, маманның маусым аяқталғаннан кейін клубтан кететіні ресми түрде жарияланды.

Солтүстік трибуна клуб бас бапкерінің соңғы ойыны — 24 мамыр жексенбі күні «Астон Виллаға» қарсы өтетін маусымның қорытынды кездесуінде алғаш рет толық ашылады.

Гвардиола Англия кубогын үш рет жеңіп алды. Ол командамен бірге алты мәрте Англия Премьер-лигасын, бес рет Лига кубогын ұтты. Испаниялық бапкердің жетекшілігімен «қалалықтар» үш рет Англия Суперкубогының да иегері атанды.

Сонымен қатар Гвардиола басқарған кезеңде «Сити» алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасын, УЕФА Суперкубогын және ФИФА клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды. Гвардиола клубты 2016 жылдың жазынан бері жаттықтырып келеді.

Англия чемпионаты аяқталуына бір тур қалғанда команда 78 ұпаймен екінші орында тұр. 82 ұпай жинаған лондондық «Арсенал» Англия чемпионы атанды.