Фабрицио Романо Сәтпаевтың «Челси» сапындағы голына қазақстандықтардың реакциясын атап өтті

«Челси» ФК
Италиялық журналист әрі инсайдер Фабрицио Романо қазақстандық жанкүйерлердің Дастан Сәтпаевтың «Челси» сапындағы дебюттік голынан кейінгі реакциясына назар аударды.
Бір тәуліктің ішінде Сәтпаев туралы жарияланым 330 мыңнан астам пікір жинаған.
«Қазақстандық жанкүйерлер 17 жастағы Дастан Сәтпаевтың кеше «Челси» үшін алғашқы голын соққанынан кейін ерекше эмоцияға берілді. «Челси» жариялаған гол видеосының астында бір күннің ішінде 330 мыңнан астам пікір жазылды және бұл көрсеткіш өсіп жатыр. «Челсиде» жаңа талант пайда болды», – деп жазды Романо.
Еске салайық, Сәтпаев «Челсидің» негізгі құрамында «Вестерн Сидней Уондерерсқа» қарсы жолдастық матчта (6:4) дебюттік голын соқты. Келесі ойынын «аристократтар» 1 тамыз күні «Тоттенхэмге» қарсы өткізеді. Матч Қазақстан уақытымен 14:45-те басталады.