Фатима Супығалиева Қазақстан тарихындағы дзюдодан алғашқы әлем чемпионы атанды

Қазақстандық дзюдошы Фатима Супығалиева Эквадорда өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
16 жастағы спортшы 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, финалға дейін жетті. Шешуші белдесуде ол украиналық Ксения Кирильчукпен кездесті. Негізгі уақыт жеңімпазды анықтамады. Алайда қосымша уақытта Супығалиева шешуші әдіс жасап, қарсыласын иппонмен жеңді.
Бұл жетістік Қазақстан дзюдосы үшін тарихи оқиға болды. Супығалиева еліміз тарихында қыздар арасында дзюдодан әлем чемпионатында жеңіске жеткен алғашқы спортшы атанды.
Жарыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы тағы үш медаль жеңіп алды. Інжу Жұмажан 57 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанса, Ерік Усенов (66 келіге дейін) және Бекәлі Еркен (73 келіге дейін) қола медаль иеленді.
Осылайша, жарыстың екі күнінен кейін Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық медаль есебінде көш бастап тұр. Қазақстандық дзюдошылардың еншісінде 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль бар.
Биылғы әлем чемпионатына 59 елден 457 спортшы қатысып жатыр. Жарыс 23 тамызда аяқталады.