Қазақстан жасөспірімдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатының алғашқы күнінде бес медаль жеңіп алды

Фото: IJF
Қазақстан құрамасы Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатының алғашқы күнінде бес медаль иеленді.
Қазақстандықтар арасындағы ең үздік нәтижеге 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ғабит Расулхан қол жеткізді. Финалдық белдесуде ол канадалық Роман Семирозумды жеңіп, алтын медальға ие болды.
Тағы екі қазақстандық өз салмақ дәрежелерінде финалға дейін жетті. Әділжан Нұрбекен 50 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанса, Әдия Жанахмет 40 келіге дейінгі салмақта екінші орын алды. Турнирдің қола жүлдесін Бекарыс Құдайберген (50 келі) мен Ахмет Баубек (60 келі) иеленді.
Кадеттер арасындағы әлем чемпионатына Гуаякильде 59 елден 457 дзюдошы қатысып жатыр. Жеке жарыстар 22 тамызға дейін жалғасады, ал 23 тамызда аралас командалар арасындағы турнир өтеді.