ФИФА президенттігіне әйел үміткер ұсынылды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: REUTERS/Dylan Martinez

Фото: REUTERS/Dylan Martinez

ФИФА-ның бұрынғы президенті Йозеф Блаттер Норвегия футбол федерациясының президенті Лиза Клавенессті ұйым басшысы қызметіне лайықты үміткер деп атады.

Қазіргі ФИФА президенті Джанни Инфантино әлем чемпионаттарының коммерциялық және медиақұқықтарын жеке инвестициялық қорларға 15 миллиард долларға сату әрекетіне байланысты бірқатар ұлттық футбол қауымдастықтары басшыларының сынына ұшырап отыр. Осыған байланысты оның ұйымдағы болашағы белгісіз күйінде қалып отыр.

«Лиза Клавенесс ең жоғары құрметке лайық. Ол әрдайым нақты ұстанымын білдіріп, көпшіліктің соңынан ермеген жалғыз тұлғалардың бірі болды. Қазір ФИФА-ны әйел адамның басқаратын уақыты келді», – деп жазды Блаттер X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Еске сала кетейік, Йозеф Блаттер ФИФА-ны 1998 жылдан 2015 жылға дейін басқарды. Ол ұйымдағы жемқорлық дауы мен жоғары лауазымды шенеуніктердің парақорлық, ақша жылыстату және алаяқтық айыптарымен тұтқындалуынан кейін қызметінен кеткен болатын.

45 жастағы Лиза Клавенесс бұған дейін Норвегия ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткен. 2022 жылы ол Норвегия футбол федерациясының президенті болып сайланды. Ал ФИФА президентін сайлау 2027 жылдың наурыз айында Мароккода өтеді.