Франция – Марокко матчының үздік ойыншысы анықталды

Бегасыл Амирбай ··
ФИФА

ФИФА

Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе 2026 жылғы әлем чемпионатының ширек финалындағы Мароккоға қарсы матчтың үздік ойыншысы атанды.

Мадридтік «Реалдың» шабуылшысы кездесудің 60-минутында есеп ашып, кейін Усман Дембеленің голына нәтижелі пас берді. Айта кетейік, 28-минутта Мбаппе пенальтиді мүлт жіберді. Оның соққысын Марокко қақпашысы Ясин Буну қайтарды. Нәтижесінде Франция құрамасы Марокконы 2:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

Келесі кезеңде Франция құрамасы Испания – Бельгия жұбының жеңімпазымен кездеседі. Матч 11 шілде күні Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады.

Еске салайық, Франция құрамасы I тобында 9 ұпай жинап, бірінші орынмен плей-офф кезеңіне шыққан болатын. 1/16 финалда француздар Швецияны 3:0 есебімен жеңсе, 1/8 финалда Парагвайдан 1:0 есебімен басым түсті.

2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде аяқталады.

Франция – Марокко матчының үздік ойыншысы анықталды – sport-hub