«Галатасарай» «Спортингтен» жеңілгеннен кейін төрешілерді айыптады

«Галатасарай» ФК
«Галатасарай» бас бапкері Окан Бурук Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы турда «Спортингтен» (1:3) жеңілгеннен кейін төрешілердің жұмысына сын айтты.
Түркиялық клуб есепті Гонсалу Инасиудың автоголының арқасында ашты. Алайда кейін Жени Катамо, Луис Суарес және Родриго Саласар гол соғып, «Спортинг» жеңіске жетті. Бурук матчтағы шешуші сәт ретінде португалиялық клубтың алға шығуына себеп болған пенальтиді атады.
«Алдымен қарсыласымызды жеңісімен құттықтаймын. Өйткені қазір айтатын сөздерімнің оған еш қатысы жоқ. Ақыр соңында олар алаңға шығып, өз ойынын көрсетті. Мұндай төрешілік қарсыласымызға байланысты емес. Алайда төреші матч барысына тікелей әсер етті: анық қызыл қағаз көрсетпеді және болмаған пенальтиді белгіледі.
Бүгін VAR төрешісі стадионда мүлде болмаған сияқты. Өйткені ол ешқандай эпизодқа араласқан жоқ. Оның да стадионға келіп, бас төрешіге қызыл қағаз көрсетілуі тиіс эпизодты және пенальти болмағанын хабарлағанын қалар едім. Матч барысында көрсетілмей қалған сары қағаздар да көп болды.
Меніңше, бірінші таймда біз әлдеқайда жақсы ойнап, 1:0 есебімен алға шықтық. Қарсыластың қақпамызға жасаған алғашқы соққысы үзіліске дейінгі соңғы соққысы болуы мүмкін. Олар бір рет соққы жасап, гол соқты. Екінші таймдағы болмаған пенальти біз үшін шешуші сәтке айналды. Менің футболшыларымның өзіне деген сенімі аздап төмендеді деп ойлаймын. Сонымен қатар өз алаңында ойнап жатқан қарсыласымызға сенім бердік. Олар есепті 2:1-ге жеткізді. Осыдан кейін «Спортинг» бізден әлдеқайда жақсы ойнады. Қарсыласымызды жеңісімен құттықтаймын, оларға ешқандай өкпем жоқ.
Алайда Чемпиондар лигасы деңгейінде болмауы тиіс төрешілік қателіктер матч барысына өте қатты әсер етті. Әрине, 2:1 есебінен кейін біз бұдан да жақсы ойнай алар едік. Мұны атап өту керек. Бірақ біз тым тез беріліп қалдық. Қандай жағдай болмасын, екінші голды жібергеннен кейін жақсырақ ойнауымыз керек еді. Кейде төрешілердің қателіктерін де еңсеруге тура келеді. Біз мұны да жасай алар едік, ол үшін көбірек күш салуымыз қажет болды. Алайда 2:1 есебінен кейін қарсыласымыз бізден жақсы ойнады», – деп келтіреді оның сөзін DHA.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турда «Галатасарай» өз алаңында «Барселонаны» қабылдайды. Ал «Спортинг» сырт алаңда «Ланспен» кездеседі.