Гауфф Боузкованы жеңіп, Цинциннатидегі турнирдің ширек финалына шықты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Әлемнің төртінші ракеткасы Кори Гауфф АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирдің ширек финалына шықты. Америкалық теннисші чехиялық Мари Боузкованы (WTA рейтингінде 27-орын) жеңді.

Кездесу 1 сағат 34 минутқа созылып, Гауффтың 6:3, 6:2 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Гауфф бес эйс жасап, бес рет қос қателік жіберді және 12 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Ал Боузкова бірде-бір эйс жасамай, бір қос қателік жіберді және брейк-пойнттардың ешқайсысын жүзеге асыра алмады.

Бұған дейін Гауфф пен Боузкова өзара үш рет кездескен еді. Осы матчтан кейін олардың жеке кездесулеріндегі есеп 2:2 болды.

Енді америкалық теннисші украиналық Марта Костюкпен ойнайды. Костюк 1/8 финалда ресейлік Мирра Андрееваны 4:6, 6:0, 6:2 есебімен жеңді.

Гауфф пен Костюк бұған дейін төрт рет кездескен. Америкалық теннисші 2022 жылғы Аделаида турнирінде және 2024 жылғы Australian Open жарысының ширек финалында жеңіске жетті. Ал Костюк 2024 жылғы Штутгарт турнирінің ширек финалында және 2025 жылғы Доха турнирінің екінші айналымында Гауффтан басым түсті. Цинциннатидегі ширек финал алдында олардың өзара кездесулеріндегі есеп тең — 2:2.

Айта кетейік, Гауфф бұған дейін Цинциннати турнирінде жеңімпаз атанған. 2023 жылы америкалық теннисші осы жерде өзінің WTA-1000 санатындағы алғашқы титулын жеңіп алды. Финалда ол Каролина Мухованы ұтты. Ал жарыстың қазіргі чемпиондық атағы польшалық Ига Швёнтекке тиесілі.