Геннадий Головкин ISSA вице-президенті қызметіне кандидат атанды

ҚР ҰОК
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам Ынтымақтастығы Спорттық қауымдастығының (ISSA) Азия және Еуропа бойынша вице-президенті қызметіне кандидаттар тізіміне ресми түрде енгізілді.
Головкиннің кандидатурасы біліктілік және этикалық талаптарға сәйкестігін тексерудің барлық қажетті рәсімдерінен өтті. Ол Қазақстан ҰОК атынан ISSA Атқарушы комитетінің 2026-2029 жылдарға арналған құрамына сайлауға қатысады. Тіркелген кандидаттардың тізімі ұйымға мүше ұлттық олимпиадалық комитеттерге жіберілді.
Сайлау 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтеді.
Ислам Ынтымақтастығы Спорттық қауымдастығы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің ұлттық олимпиадалық комитеттерін біріктіреді. ISSA қамқорлығымен өтетін негізгі жарыстардың бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.
Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетін 2024 жылдың ақпанынан бері басқарып келеді. Сонымен қатар 2025 жылдың қарашасында ол World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайланды. Осылайша, Головкин халықаралық спорт федерациясын басқарған Қазақстанның тұңғыш өкілі атанды.