Германия Ұлттар лигасында алғашқы жеңісіне жетті

Фото: Getty Images
Германия құрамасы Ұлттар лигасының қазіргі маусымындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Өз алаңында Сербияны 2:0 есебімен жеңген немістер екі таймда да бір-бір голдан соқты.
«Альянц Аренадағы» жанкүйерлер алғашқы голды 40-минутқа дейін күтті.
Флориан Вирц қақпаға соққы жасап, доп бағанаға тиді. Қайтарылған допқа бірінші болып Том Бишоф жетіп, мүмкіндігін мүлт жібермей, есеп ашты — 1:0.
Үзіліске дейін есеп өзгерген жоқ.
Екінші таймда Германия қысымды күшейтіп, 61-минутта басымдығын еселей түсті.
Бұл жолы Флориан Вирцтің өзі көзге түсті. Оған Максимилиан Миттельштедт нәтижелі пас берді. Осылайша, Вирц матчта алғашқы голдың ұйымдастырылуына қатысып, екінші таймда өзі гол соқты.
Сербия есепті қысқарта алмады. Кездесу алаң иелерінің 2:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
УЕФА Ұлттар лигасы-2026/27
А лигасы, 2-топ. 3-тур
Германия — Сербия — 2:0 (1:0)
Голдар: Бишоф, 40 (1:0), Вирц, 61 (2:0).
Осы кездесуге дейін Германия турнирде жеңіске жете алмаған еді. Алдымен Нидерландпен 1:1 есебімен тең ойнады, кейін өз алаңында Грекиядан күтпеген жерден 0:1 есебімен жеңілді.
Сербияны жеңгеннен кейін Германия үш турда төрт ұпай жинады.
Сербияның жағдайы қиындау. Команда алғашқы үш матчтың бәрінде жеңіліп, әзірге ұпайсыз келеді. Бұған дейін сербтер Грекия мен Нидерландқа бірдей 1:2 есебімен жол берген.
Германия келесі матчын 4 қазанда сырт алаңда Грекияға қарсы өткізеді.
Сербия сол күні қонақта Нидерландпен кездеседі. Екі ойын да Қазақстан уақытымен 23:45-те басталады.