«Горняк» «Бейбарысты» 6:1 есебімен жеңіп, Қазақстан кубогінің жартылай финалына шықты

Фото: gornyak_official
Рудныйлық «Горняк» шайбалы хоккейден Қазақстан кубогі топтық кезеңінің соңғы матчында атыраулық «Бейбарысты» ірі есеппен жеңді.
Бірінші кезеңде командалар ұзақ уақыт есеп аша алмады. Үзіліске санаулы минут қалғанда Тимур Шингареев «Горнякты» алға шығарды. Екінші жиырма минуттықта Александр Куршук рудныйлықтардың басымдығын еселей түсті — 2:0.
Негізгі оқиғалар үшінші кезеңде болды. Оскар Юлбарысов дубль жасаса, Сұлтанбек Рахимов пен Никита Ляпунов бір-бір шайбадан соқты. «Бейбарыс» сапынан тек Кирилл Юдин бір голмен жауап бере алды.
Қазақстан кубогі. В тобы
«Горняк» — «Бейбарыс» — 6:1
Шайбалар: Тимур Шингареев, Александр Куршук, Оскар Юлбарысов — 2, Сұлтанбек Рахимов, Никита Ляпунов — Кирилл Юдин.
Бұл жеңістен кейін «Горняк» алты ұпай жинап, В тобында бірінші орын алды және Қазақстан кубогінің жартылай финалына жолдама иеленді.
Ал «Бейбарыс» төрт ұпаймен топтық кезеңді төртінші орында аяқтады.