IFAB Эмболоның алаңнан қуылуы бойынша қателікті жанама түрде мойындады

Фото: Getty Images
Футбол ережелерін әзірлеу және түсіндірумен айналысатын Халықаралық футбол қауымдастықтары кеңесі (IFAB) 2026 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында Швейцария құрамасының шабуылшысы Брил Эмболоның алаңнан қуылуы қате болғанын жанама түрде растады.
IFAB жариялаған түсіндірмеде VAR жүйесі арқылы сары қағазды қайта қарау тек ереже бұзған ойыншының кім екенін анықтау үшін ғана қолданылатыны атап өтілді. Ал ереже бұзушылықтың өзі немесе ескерту беру туралы шешім қайта қаралмайды.
Дәл осы жағдай Швейцария мен Аргентина арасындағы кездесуде үлкен резонанс тудырған болатын. Ойынның 72-минутында бас төреші Жоау Педру Пиньейру бастапқыда аргентиналық жартылай қорғаушы Леандро Паредеске Эмболоға қарсы жасаған фолы үшін сары қағаз көрсеткен. Алайда бейнеқайталауды көргеннен кейін төреші шешімін өзгертіп, Паредеске берілген ескертуді жойып, швейцариялық шабуылшыға симуляция үшін сары қағаз көрсетті.
Бұл Эмболо үшін матчтағы екінші ескерту болды, соның салдарынан ол алаңнан қуылып, командасын аз құрамда қалдырды.
Еске салайық, кездесу қосымша уақытта Аргентина құрамасының 3:1 есебімен жеңісімен аяқталған еді.