Ига Швёнтек «Ролан Гарростың» төртінші айналымына өтті

Фото: Getty Images
«Үлкен дулыға» турнирлерінің алты дүркін чемпионы, әлемнің үшінші ракеткасы Ига Швёнтек Франция ашық чемпионатының төртінші айналымына жолдама алды.
Үшінші айналымда польшалық теннисші өзінің отандасы Магда Линеттті (WTA рейтиңінде 73-орын) 6:4, 6:4 есебімен жеңді.
Кездесу 1 сағат 25 минутқа созылды. Матч барысында Швёнтек бір эйс жасап, екі қосар қателік жіберді. Сондай-ақ ол жеті брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды. Ал Линетт үш эйс орындап, бір қос қателікке жол берді және төрт мүмкіндіктің үшеуінде брейк жасады.
«Ролан Гарростың» ширек финалына шығу үшін Ига Швёнтек украиналық теннисші Марта Костюкпен кездеседі.
Айта кетейік, биылғы Франция ашық чемпионатының жалпы жүлде қоры 72 811 352 долларды (шамамен 34,05 миллиард теңге) құрайды. Турнир жеңімпазы 3 303 012 доллар (шамамен 1,55 миллиард теңге) және 2000 рейтингтік ұпайға ие болады. Ал финалистке 1 651 506 доллар (шамамен 772,2 миллион теңге) көлемінде сыйақы беріледі.