Басты бет
·
Теннис

Ига Швёнтек WTA қорытынды турниріне қатыспай қалуы мүмкін

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Польшалық теннисші Ига Швёнтек Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан WTA 500 турнирінен сол жақ жамбасындағы жарақатына байланысты бас тартты. Бұл жағдай оның WTA қорытынды турниріне қатысу мүмкіндігіне де әсер етті.

Швёнтек Уханьдағы WTA 1000 турнирінің жартылай финалында отандасы Майя Хвалиньскамен кездескен кезде жарақат алған. Ол матчта 5:7, 1:6 есебімен жеңіліп қалды. Медициналық көмек алғанына қарамастан, кездесуді соңына дейін өткізген польшалық теннисші кейін Нинбодағы жарысқа қатыспау туралы шешім қабылдады.

Теннисшінің айтуынша, сол жақ жамбасындағы ауырсыну бірнеше аптадан бері мазалап жүр. Сондықтан ол алдағы жарыстарға дейін толық қалпына келуді жөн көрген. Швёнтек Нинбо турнирінде екінші нөмірмен тіркеліп, екінші айналымда чехиялық Мари Боузковамен кездесуі керек еді. Алайда оның орнына негізгі кезеңге ресейлік Анастасия Захарова қосылды.

Қорытынды турнирге жолдама алуға таласып жатқан чехиялық теннисшінің басты бәсекелесі – әлемдік рейтингте оныншы орында тұрған украиналық Марта Костюк. Оның еншісінде 3920 ұпай бар. Іріктеуден өту мүмкіндігін сақтау үшін Костюк Нинбодағы турнирдің финалына дейін жетуі қажет.

Ал Швёнтек жарыстан бас тартқаннан кейін WTA Finals турниріне тікелей жолдама алу мүмкіндігінен іс жүзінде айырылды. Дегенмен ол Индиан-Уэллс қаласындағы жарысқа қосалқы қатысушы ретінде баруы мүмкін.

WTA қорытынды турнирі 8-15 қараша аралығында АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтеді. Қазіргі уақытта жеті теннисші жарысқа қатысу құқығын қамтамасыз етті. Олар: Елена Рыбакина, Арина Соболенко, Мирра Андреева, Джессика Пегула, Кори Гауфф, Элина Свитолина және Линда Носкова.

Еске салайық, WTA Finals турнирінің қазіргі чемпионы – қазақстандық Елена Рыбакина. Ол 2025 жылы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен финалда Арина Соболенконы 6:3, 7:6 (7:0) есебімен жеңген болатын. Биыл Рыбакина қорытынды турнирге жолдама алған алғашқы теннисші атанып, жарысқа қатысатынын алдын ала қамтамасыз етті.