Іле-Алатау ұлттық паркінде «Маралсай-2026» халықаралық шахмат турнирі өтуде

ҚР Шахмат федерациясы
18-24 тамыз аралығында Алматы облысындағы Іле Алатауының бөктерінде 1983 жылғы 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионы Флюра Хасанованың кубогы үшін «Маралсай-2026» халықаралық балалар шахмат турнирі өтіп жатыр. Сонымен қатар бұл жарыс Қазақстан балалар кубогы-2026 турнирінің алтыншы кезеңі саналады.
Жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Латвия және Тәжікстаннан 6-14 жас аралығындағы 200-ге жуық жас шахматшы қатысуда. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 3 миллион теңге.

Фото: ҚР Шахмат федерациясы
Айта кетейік, бұл турнир биыл 20-рет ұйымдастырылып отыр. «Маралсай» турниріне кезінде бүгінде бүкіл шахмат әлеміне танымал болған көптеген балалар қатысқан.
«Маралсай» көп жылдан бері өткізіліп келеді. Осы турнирде қанша шахматшының өсіп-жетілгенін елестетіп көріңіздер. Қазақстан құрамасының үш буыны, Өзбекстан құрамасы осы жарыстан өтті. «Маралсайдың» бай тарихы барына өте мақтанамын. Биыл турнир 20-рет өтіп жатыр. Біз бастаған кезде барлығы дерлік тек энтузиазмға сүйенетін. Бүгінде Қазақстанда мықты әрі табысты шахматшылардың көп екенін көріп, ерекше қуаныштымын. Қазір, Тимур Турловтың қолдауының арқасында көптеген турнир ұйымдастырылып, жаңа чемпиондар пайда болып жатыр», – дейді турнирдің бас төрешісі Флюра Хасанова.
Флюра Хасанова – қазақстандық шахматшы, әйелдер арасындағы гроссмейстер және FIDE халықаралық төрешісі. Ол 1983 жылы 20 жасқа дейінгі қыздар арасында шахматтан әлем чемпионы атанды. Қазақстан атынан 1992, 1994, 1996, 2000 және 2004 жылдары бес рет Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысты. 2001 жылы FIDE халықаралық төрешісі атағын алды.

Фото: ҚР Шахмат федерациясы
Жас шахматшылар үшін бұл жай ғана жарыс емес, үлкен балалар мерекесі. Қатысушылар үшін аниматорлар қатысатын шоу-бағдарламалар, түрлі байқаулар мен ойын-сауық шаралары ұйымдастырылған.
«Біз үшін бұл ерекше турнир. Оған бірнеше жылдан бері қатысып келеміз. Мұнда таза ауа, әсем табиғат бар, ал жарыстың атмосферасы балаларға бір мезетте демалып, сайысқа түсуге мүмкіндік береді – яғни пайдалыны жағымдымен ұштастырады. Балаларым бұл турнирге алғаш қатысқанда, ұлым 6 жасқа дейінгі санатта чемпион атанды, ал қызым Елназ Калиахмет 8 жасқа дейінгі санатта жеңімпаз болды. 2018 жылдан бері олар мұнда жыл сайын келіп жүр. Қазір ұлым 14 жасқа дейінгі санатта өнер көрсетеді, ал қызым Қазақстан құрамасына енді және қазіргі уақытта Венгрияда Open турнирінде ойнап жатыр», – деді 2025 жылғы әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Қазақстан чемпионы Елназ Калиахметтің әкесі Акин Калиахметұлы.

Фото: ҚР Шахмат федерациясы
Дәстүр бойынша осы кезең аясында швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұратын екі жеке турнир өткізіледі. Ойын уақыты – 60+30 жылдам классика: әр партияға 60 минут беріледі және бірінші жүрістен бастап әр жүріске 30 секунд қосылады.
А турнирі – 14 жасқа дейінгі балалар (2012 жылы туғандар және одан кішілер). Бірінші және екінші разрядтағы шахматшылар қатыса алады. Үшінші және төртінші разрядтағы спортшылар аға жаттықтырушылардың өтініші бойынша жіберіледі.
Б турнирі – 10 жасқа дейінгі балалар (2016 жылы туғандар және одан кішілер). Бұл санатқа разрядына қарамастан барлық шахматшылар қатыса алады.
Сонымен қатар командалық есеп те жүргізіледі. Бір өңірден төрт қатысушы есепке алынады: А және Б турнирлерінен бір-бір ұл және бір-бір қыз спортшыдан.