Қазақстандық шахматшылар Азия чемпионатында төрт медаль жеңіп алды

Фото: Kazchess
Қазақстандық шахматшылар Алдияр және Алимжан Жауынбай Үндістанның Мумбай қаласында өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында төрт медаль жеңіп алды.
ФИДЕ шебері Алдияр Жауынбай 20 жасқа дейінгі санатта бақ сынап, Азияның екі дүркін чемпионы атанды. Қазақстандық шахматшы рапидтен 5,5 ұпай жинап, бірінші орын алды. Ол Филиппиннен келген халықаралық шебер Кристиан Джан Карло Арку мен Вьетнам өкілі Чан Зя Фук Фамнан озып кетті.
Алдияр блицтен де алтын медаль жеңіп алды. Тоғыз турдың қорытындысы бойынша ол 7 ұпай жинады. Екінші орынға Чан Зя Фук Фам, үшінші орынға Кристиан Джан Карло Арка жайғасты.
Ал Алимжан Жауынбай 12 жасқа дейінгі санатта өнер көрсетті. Қазақстандық шахматшы блицтен 8 ұпай жинап, Вьетнамнан келген қарсыластарынан озып, алтын медаль иеленді.
Классикалық шахматта Алимжан күміс жүлдегер атанды. Ол турнир жеңімпазы, Вьетнам өкілі Фан Хоанг Куан Лемен бірдей 7 ұпай жинағанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша қарсыласына жол берді.
Айта кетейік, 2025 жылы 11 жасында Алимжан Жауынбай Қазақстан шахматы тарихындағы ең жас ФИДЕ шебері атанған.