Қазақстандық студенттер университеттер арасындағы командалық әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алды

Бегасыл Амирбай ··
Фото: kazchess

Фото: kazchess

Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) командасы Алматыда өткен шахматтан 2026 жылғы университеттер арасындағы командалық әлем чемпионатында қола медаль иеленді.

Үшінші орын үшін өткен кездесуде қазақстандық команда University of Texas at Dallas ұжымымен жолықты. Алғашқы матчта америкалық университет 2,5:1,5 есебімен жеңіске жетті.

Қазыбек Нөгербек Самант Адитьямен тең ойнады, Арыстан Исанжұлов Яир Парховты жеңді. Ал Меруерт Камалиденова Кустав Чаттерджиге есе жіберсе, Әлішер Мәжкенов Мэли-Жад Уэлледен ұтылды. Екінші кездесуде KNUS дәл осындай есеппен – 2,5:1,5 реванш алды. Қазақстандық командаға жеңісті Исанжұлов пен Камалиденова әкелді, тағы жарты ұпайды Нөгербек еншіледі.

Екі матч қорытындысы бойынша есеп тең болғандықтан, жеңімпаз блиц форматындағы (3+2) тай-брейкте анықталды. Шешуші партия алдында University of Texas at Dallas 2:1 есебімен алда тұрды. Сондықтан Нөгербекке Адитьяны жеңу міндеті тұрды. Қазақстандық гроссмейстер бұл тапсырманы орындап, есепті 2:2-ге жеткізді. Қола жүлде иегері «армагеддонда» анықталды – онда да Нөгербек Адитьяны тағы да жеңіп шықты.

«Әрине, оңай болған жоқ. Мен тек команда мен университетті ғана емес, бүкіл елді таныстырып тұрғанымды түсіндім, сондықтан қатты толқыдым. Біз жеңіске жетуді қатты қаладық, әрбір ойыншы өз үлесін қосты. Мотивация өте жоғары болды. Мұнда барлық қарсыластар мықты – әлемнің үздік университеттері мен солардың ең мықты шахматшылары жиналды. Тіпті оңай көрінген партияларда да бір сәтке босаңсуға болмайды. Шешуші ойындарға келсек, тәжірибе көмектесті – мен көптеген «армагеддон» мен блиц партияларын ойнағанмын, сондықтан барынша сабыр сақтауға тырыстым», – деді Нөгербек.

Турнир чемпионы атанған – Ural State Mining University. Финалда олар Saint Louis University командасын екі рет те 2,5:1,5 есебімен жеңді.

Еске сала кетейік, Алматыда өткен әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 16 университет командасы қатысты. Матчтар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub орталығында өтті.

Қазақстандық студенттер университеттер арасындағы командалық әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алды – sport-hub