Қазақстандық университет шахматтан командалық әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты

Фото: kazchess
Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы Алматыда өтіп жатқан университеттер арасындағы шахматтан командалық әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Алматыда университеттер арасындағы шахматтан командалық әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. Плей-оффқа шыққан Қазақстанның жалғыз өкілі – Қазақ ұлттық спорт университеті (KNUS) командасы.
Турнирге 16 университеттік команда қатысып жатыр. Оның сегізі жүлде үшін күресті жалғастырады. Топтық кезеңде шахматшылар алты матчтан өткізді.
KNUS командасы D тобында бірінші орын алды. Қазақстандық ұжым бес жеңіске жетіп, бір рет тең ойнады. Команда қоржынына 11 командалық және 19 жеке ұпай жинады.
7 тамызда өтетін ширек финалда KNUS Грекияның National Technical University of Athens командасымен кездеседі.
Қалған ширек финал жұптарында Чилидің Universidad de Chile командасы Ресейдің Ural State Mining University ұжымымен ойнайды, Индонезияның Universitas Gunadarma командасы АҚШ-тың University of Texas at Dallas командасымен кездеседі, ал Saint Louis University мен Harvard University (екеуі де АҚШ) өзара бақ сынайды.
Жартылай финалдар 8 тамызда өтеді, ал әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері 9 тамызда анықталады.